Бүгін 2024 жылдың 24 қазанында, Республика күні қарсаңында, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназиясы ұжымы үлкен жетістікке жетті, біздің аяулы әріптесіміз Казиева Арайлым Талдыбаевна Астана қаласында өткен «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан «2024 жылдың Үздік педагогі» атағының куәлігін алды және төсбелгісін тақты.
Арайлым Талдыбаевна он жылдан артық уақыт шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде көп еңбегін сіңіріп жүрген ұстаз. Мұғалімнің тәрбиеленушілері - қалалық, облыстық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ол өзінің «Көркем жазамын» атты авторлық бағдарламасы бойынша тәжірибесімен облыстық, республикалық деңгейде бөлісті, республикалық авторлық бағдарламалар сайысында жүлделі орынды иеленді. Арайлым Талдыбаевна 2023 жылдан бері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады, осы орайда «Ұстаз-Ұлытау» педагогикалық трансформация орталығының қолдауымен жүріп жатқан «Үшөлшемді әдістемелік жүйе» технологиясын, «45 минут апгрейд» Сингапурлық оқыту әдіс-тәсілдерін енгізуді ұйымдастырады. 2024 жылы гимназиядағы кәсіби бағдар беру жұмысын табысты жүргізгені үшін «The Ultau Education Foundation» қайырымдылық қоры «Ұстаз Ұлытау» педагогикалық трансформация орталығының Алматы қаласына бару жолдамасын ұтып алды. Директордың орынбасары ретінде дарынды балалармен жұмысты басқарып, осы жұмысты алға қойды, нәтижесінде гимназия екінші рет облыс бойынша лицей, гимназия мектептерінің арасында «Ең үздік команда» ретінде танылып, І дәрежелі дипломмен және қоғамдық-гуманитарлық пәндер бағытындағы пәндер бойынша да І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Арайлым Талдыбаевна - ізденімпаз, жауапкершілігі мол, әр оқушының дамуын қамтамасыз етуде психологиялық құзыреттілігі бар мұғалім. Көп оқиды, өзін жан-жақты дамытады. Білім алушылар, ата-аналар және мұғалімдер арасында беделі зор.
Сәкен Сейфуллин гимназиясы осындай ұстазымен мақтанады. Сізге шын жүректен мықты денсаулық, шығармашылық табыстар, ізгі махаббат пен мейірім тілейміз!

